ЕГІННІҢ ШЫҒУЫ КӨҢІЛДІ ҚУАНТАДЫ

Айдарлы ауылы сонау Кеңес дәуірінен егін мен мал шаруашылығын қатар дамытқан ауыл ретінде белгілі. Кеңес үкіметі ыдырап, совхоздың мүлкі мен жері жекеге үлестірілген тұста ауыл еңбеккерлері абдырап қалған болатын.Егеменді ел болып, нарық қатынастары енген алғашқы кезең ауыл халқы үшін қиын болғанымен жұртшылық айналысатын кәсіптерін тауып, оны тез меңгере бастады. Қазір ауыл азаматтары мал, егін шаруашылығын дамытумен қатар жеке дүкендер, жанар май құятын бекеттерін, түрлі мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін құрылымдар ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда Кеңес ауылдық округі бойынша 1515 гектар егістік жер игерілді. Оның 300 гектарына жүгері, 100 гектарына арпа, 100 гектарға жоңышқа, 35 гектарға картоп, 25 гектарға күнбағыс, 270 гектарға бақша дақылдары егілді. Сонымен қатар 685 гектар ескі жоңышқа алқабы бар.