Мойынқұм ауылы


Маусым айының 17-сі күні ауданымыздағы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК күзет қызметінің жетекшісі Қайрат Хасенов бастаған бірнеше мамандар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл ауылы, Абай орта мектебінің ұстаздары мен 7-10 сынып оқушыларына,ауданымыздағы сирек кезде¬сетін және құрып кету қаупі төніп, қызыл кітапқа енген жабайы аңдар мен киіктерді қорғау бойынша «Киіктерді ұрпаққа сақтайық!» тақырыбында үгіт-насихат акциясын жүргізді. Акция тек киіктерді ғана емес, жалпы жануарлар дүниесін қорғау мақсатындағы өткізіліп жатқандығын сөз еткен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК күзет қызметінің жетекшісі Қайрат Хасенов, оқушыларға браконьерліктің соңы жақсылыққа апармайтынын айтты. 
Мойынқұм – қойнауына құт дарыған, табиғи жан-жануарларға ертеден бай өлке екені белгілі. Алайда бұл күнде бұл байлықтың саны күрт азайып кеткендігі де жасырын емес. Қырғауыл, дуадақ, шіл және тағы да басқа көптеген құстар мен қатар Ақбөкен, Құлан, Арқар, Қарақұйрық сияқты аңдар ауданымызда әлі күнге кездеседі. Алайда, тым аз. Аталмыш акцияны ұйымдастырушы мамандар оқушыларға, егер дуадақ құсын ұстаған адамға 2100 айлықтық-есептік көрсеткіш яғни 4,5 миллион теңге айыппұл салынатындығын әрі қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айырылатындығын айтса, бөкенді атып алмай-ақ оның мүйізін үйге сақтап қойғанның өзі үлкен қылмыстық іс екенін жіті түсіндірді. Сондықтан акцияны ұйымдастырушылар, оқушыларды қызыл кітапқа енген жан-жануарларды бірге қорғап, табиғаттың жанашыры ретінде оларды барынша аялауға шақырды. Берері мол кездесудегі мамандардың көтерген тұщымды дүниелері оқушыларға ой салғаны анық.