Облыс орманшыларының семинар-кеңесі

Жуырда Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің базасында облыс орманшыларының семинар-кеңесі болып өтті. Семинар кеңеске Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, бөлім басшылары, оған қарасты аудандардағы 14 орман шаруашылығының директорлары, орынбасарлары, инженерлері, аң танушы мамандары, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасы бастығының орынбасары Қанат Дәрімқұлов, «Казавиалесохрана» РМҚК-нің әуе бөлімшесінің басшысы Талғат Әлиев және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

         Семинар кеңесте басқарма басшысы Нұржан Нұржігітов орман қорын табиғи тажал дала өртінен қоғау, орманды күзету, жануарлар дүниесін қорғау, олардың өнімін молайту, балық шаруашылығын, тұқымбақты (питомник) дамыту жайында кеңінен айтып өтті.

         Содан соң облыстық басқарманың бөлім басшысы  Сапарбек Сыздықов, Жамбыл облысы бойынша «Казавиалесохрана» РМҚК-нің әуе бөлімшесінің басшысы Талғат Әлиев, аудандардағы орман шаруашылығы мекемелерінің директорлары өздерінің салалары бойынша 2019 жылдың бес айында атқарылған жұмыстарын баяндады. Семинар барысында Көктерек орман шаруашылығы мекемесінің гаражындағы техникалар мен өрт сөндіру жасағына арналған бөлменің жабдықталуы, өрт сөндіру жасағының киімдері, құралдары тексерілді. Бұл жөнінде облыстық басқарма басшысына мекеме басшысы Бақыт Серібаев баяндап берді. Түстен кейін семинарға қатысушылар Көктеректік орманшылардың үстіміздегі жылы А.Назарбеков ауылының тұсында отырғызған алма бағының өсірілуі және   күтімімен танысты. Содан Ақтөбе қалашығындағы кордон бекетінде  орналастырылған өрт сөндіру штабының  базасымен танысып, Мойынқұм, Көктерек орман шарушылықтарының өрт сөндіру жасақтарының дала өрті кезіндегі өрт сөндіру  әрекеттерін көрді. 

         Семинар кеңестің соңында басқарма басшысы Нұржан Нұржігітов Көктеректік орманшылар мен өрт сөндіру жасақтарының жұмыстарына   жоғары баға берді.